Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында депутат әрі белгілі спортшы Ардақ Назаров анасына арнап құттықтау айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Депутаттық сауал қоюға шыққан Назаров ресми мәлімдемесіне дейін анасының туған күніне орай ізгі тілегін жеткізді.
«Осында отырған барлық азаматтардың артында әлемнің жарық әлемін сыйлаған аналар тұр. Менің анашымның бүгін туған күні, 70 жасқа толып отыр. Құттықтауға рұқсат етсеңіз», - деген ол анасына ақ тілегін жаудырды.
Сөз арасында анасын қатты жақсы көремін деген депутат әкесі екеуіне ұзақ ғұмыр тіледі.
«Қадірлі анашым, Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің мейірімге толы жүрегіңіз бен жүзіңізден төгілген нұрға шомылып өстім. Анашым, әкетайым екеуіңіз құстың қос қанатындай мәңгі бірге болып, Құдай бере салған немелеріңіздің қызығын көріңіздер. Анашым, мен сізді қатты жақсы көремін, Сіздің алдыңызда басымды иемін. Баршаңыздың аналарыңыз аман болсын!», - деді депутат.
Бұл туралы журналист Гүлбану Әниятқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Кластасым бүгін депутаттық сауал жолдамас бұрын анасын туған күнімен құттықтапты. Бір күні парламентте той жасап жүрмесін, құрсын», — деп жазды журналист.