Жамбыл облысында өгей әкесін бірнеше жыл бойы зорлық-зомбылық жасап, құлдықта ұстады деп айыптаған жасөспірімдердің оқиғасы жаңа бағытта өрбіді. Бұл жағдай қазір қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анасының өгей әкені қорғауы
Балалардың анасы, Назерке есімді әйел жұбайы Ұзақбайды қорғап шықты. Қазір ол күдікті ретінде тергеуде. Журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында әйел балалардың айтқанын жоққа шығарып, олардың өгей әкесіне жала жапқанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, олар 2019 жылдан бері бірге тұрып келеді және осы уақыт ішінде күйеуінен ешқандай зорлық-зомбылық көрмеген.
«Егер ол бес жыл бойы оларды ұрып-соқса, олар баяғыда қашып кетпес пе еді», – дейді ол.
Назерке жасөспірімдердің денесіндегі көгерген іздер мен намазға мәжбүрлеу туралы шағымдарға да жауап берді. Оның айтуынша, күйеуі ешкімді ұрмаған және намазға зорламаған.
«Ол жерге қамшымен ұрып, балаларды оятатын. Намазды да бәріміз өз еркімізбен оқимыз», – деді ол.
Әйел жұбайын соңына дейін қорғайтынын айтып, тіпті тергеу оның кінәсін дәлелдесе де, одан бас тартпайтынын жеткізді.
«Мен соңына дейін барамын, оны бәрібір шығарамын», – деп мәлімдеді ол.
Балалардың шағымы
Назерке – алты баланың анасы. Ол Ұзақбайға тұрмысқа шыққанда алғашқы некесінен үш ұлы болған. Бұған дейін желіде тараған видеода екі жасөспірім денелеріндегі көгерген іздерді көрсетіп, өгей әкесінен бес жыл бойы зорлық көргенін айтқан еді. Олардың сөзінше, соққыға жығып, сыртқы ортамен байланысын шектеп, ауыр жұмысқа жеккен.