Қоғам

«Құлағын жұлып алған»: Алматы облысында доп теуіп жүрген 10 жасар баланы үш ит талап тастады

14:00, 01 шілде 2025 8

Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Жалпақсай ауылында ауыр жағдай болды. 10 жасар баланы үш ит талап, бала ауыр халде Қаскелең қаласындағы аурухананың жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 16:30 шамасында ауылдағы футбол алаңында болған. Куәгерлердің айтуынша, алаңда балалар футбол ойнап жүргенде бірнеше ит ішке кіріп кеткен. Балалардың көпшілігі қашып үлгергенімен, Максим есімді балаға үш ит - екі овчарка мен бір питбуль шабуыл жасаған.

Иттерді ажырату ұзақ уақытты алған. Салдарынан баланың құлағы жұлынып, жамбас тұсы жыртылып, басынан да ауыр жарақат алған. Қазір дәрігерлер баланың өмірін сақтау үшін күресіп жатыр.

Алматы облысының полиция департаменті аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 104-бабы («Абайсызда ауыр зиян келтіру») бойынша іс қозғап, сотқа дейінгі тергеуді бастап кетті.

«Қазіргі таңда оқиғаның куәгерлерінен жауап алынып, барлық мән-жай жан-жақты, толық және объективті түрде анықталуда. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның нәтижесіне байланысты процессуалдық шешім қабылданады», – делінген полиция таратқан хабарламада.

Сонымен қатар, иттердің иелері мен жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілетіні хабарланды. Барлық кінәлі азамат қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз