Шымкентте 4 жыл бұрын салынған «Шымқала» тарихи-мәдени кешені қирап жатыр. Бюджеттің 2 миллиард 700 миллион теңгеcіне салынған нысанның құжаты да жоқ болып шықты деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Қазір цитадельдің қасбеттері ұшып, қабырғалары мүжілген. Көне мәдениетімізді айшықтауы тиіс болған нысан турист тартудың орнына, келушілерді шошытып отыр.
Туристік орынның қазіргі күйі адам шошырлық. Кіру үшін әр туристен 1000 теңге алады. Сұмдық. Бәрі қирап жатыр, - деді «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне барған тұрғындардың бірі.
Сыртқы кетіктердің біразын кешен қызметкерлері оғаш көрінбес үшін түрлі материалдармен жауып қойған. Құрылысы біткеніне 5 жыл болмаған қабырғаларының сырлары ұшып, сүреңсіз күйге түскен. Ал, осы кешеннің бір бөлігі саналатын этноауыл тіпті жабылып тыныпты. Тозығы жеткен киіз үйлер, алтыбақан мен ішкі жабдықтарды шетке жайғастырып, этноауыл бөлігінің қақпасын жауып тастаған.
Сөйтсе, Шымкентке турист тарту үшін қыруар қаражатқа салынған нысанның құжаты да жоқ екен. Яғни, қала басшылығы 3 миллиард теңгеге жуық ақша шығарып, кешеннің өзін салғанда бірде-бір құжатын ретке келтірмеген. Сондықтан, 8 жарым гектарды алып жатқан Шымқала кешеніне не бюджеттен, не демеушілер есебінен әзірге бір тиын шығарып, жөндей алмаймыз деп отыр.
Дәл қазіргі таңда кешен музейдің теңгерімінде. Тек қана жерді пайдалануға мемлекеттік актісі ғана бар. Үстіндегі құжаттары, қабылдап алу актісі жасалынбауы себепті үстіндегі ғимараттар, яғни, қайсысы оның жаңа құрылыс немесе қайсысы қалпына келтірілген ескерткіш екені нақтыланбау себепті бұл жердің құжаты жоқ деп айтуға толық негіз бар, - деді Шымкент қалалық музейлер бірлестігі МКК директоры Жандос Құрбан.