Адвокат Мейірмен Шекеев Қаржаубайға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша ресми ақпарат жариялады. Оның айтуынша, бұл іске байланысты қоғамда алаңдаушылық күшейіп, түрлі өсек-аяң тарағандықтан, жағдайды нақтылау мақсатында мәлімдеме жасауға тура келген, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Адвокаттың жазуынша, іс ұзақ уақыт бойы жалғасып жатқандықтан, осы уақытқа дейін түсініктеме беру мүмкін болмаған. Алайда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде белгілі бір шешімге қол жеткізілген.
«Осы уақытқа дейін жауап бере алмадық, өйткені іс жалғасып жатты. Десе де, осы аралықта қаншама атқарылған жұмыстардың арқасында, біз бұл нәтижеге қол жеткізе алдық деп ойлаймын», – деп жазды ол.
Мейірмен Шекеев Қаржаубайдың кейбір қарсыластары адвокаттар тобының үнсіздігін оның сотталуымен байланыстырғанын да атап өтті.
«Қаржаубайдың кейбір жаулары біздің үнсіздігімізді Қаржаубай сотталатынға сайып, бағып жүрді. Ол жайлы отбасын әбден қаралап әбігерге салған бір адам, осы істің артын бағып та жүрді», – дейді адвокат.
Сонымен қатар ол Қаржаубай сотталады деген үміттің үзілмегенін, алайда бұл іс бойынша жәбірленуші болған полиция қызметкерлерінің адамгершілігі мен құқық қорғау органдарының объективті ұстанымы шешуші рөл атқарғанын жеткізді.
«Соның негізінде және құқық қорғау органдарының бұл істе объективтілік танытқанының арқасында Қаржаубайға қатысты қозғалған қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабының 1-бөлігінің 12-тармағының негізінде тоқтатылды», – деп мәлімдеді ол.
Адвокат бұл шешімді өздері үшін де үлкен жеңілдік деп бағалады.
«Қаржаубайдан және сол отбасының барлық істе қорғаушысы болып кеткен менің және менің заңгерлік компаниямдағы әріптесімнің Азамат інімнің мойнынан бір жүк түскендей, “уһ” дедік», – деп жазды Мейірмен Шекеев.
Ол Қаржаубайға алдағы өмірінде жарқын болашақ тілеп, мұндай қиын жағдайдың енді қайталанбауын қалады.
«Себебі оның көтерген жүгі түптеп келгенде ең ауыр жүк екені анық», – деді адвокат.
Сондай-ақ Мейірмен Шекеев Салтанатқа қатысты іс те тоқтатылғанын хабарлады.