Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі еліміздегі алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салуға арналған консорциум көшбасшысын айқындау жұмысын аяқтады. Бұл үдеріс халықаралық сарапшылардың қатысуымен жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлемдік компаниялармен келіссөздер және «қысқа тізім»
Ашық әрі бәсекеге қабілетті диалог аясында жетекші реактор өндірушілерімен келіссөздер жүргізіліп, олардың өндірістік нысандарына сапарлар ұйымдастырылды. Қорытындысында келесі төрт компания «қысқа тізімге» енді:
- «Росатом» (Ресей)
- «China National Nuclear Corporation» (Қытай)
- «Électricité de France» (Франция)
- «Korea Hydro & Nuclear Power» (Оңтүстік Корея).
Ұсыныстар мазмұны және бағалау критерийлері
Компаниялар техникалық және коммерциялық ұсыныстардан тұратын кешенді құжаттар топтамасын ұсынды. Онда:
- Құрылыстың болжамды құны
- Жобаның іске асу мерзімі
- Қаржыландыру тарту модельдері
- Жергіліктендіру тәсілдері
- Кадр даярлау мен ғылымды дамыту
- Ядролық отынмен ықпалдастық
- Әлеуметтік міндеттемелер қамтылды.
Ұсыныстар Assystem компаниясымен бірлесіп әзірленген әдістеме бойынша бағаланды. Критерийлер:
- АЭС қауіпсіздігі
- Технологиялық және қаржылық көрсеткіштер
- Халықаралық тәжірибе
- Кадр даярлығы
- Жергіліктендіру деңгейі және т.б.
Конкурстың қорытындысы
Бағалау нәтижесі бойынша ең тиімді ұсыныс «Росатом» компаниясынан түсті. Қорытынды:
- 1-орын:«Росатом» (Ресей)
- 2-орын:«China National Nuclear Corporation» (Қытай)
- 3-орын:«Électricité de France» және «Korea Hydro & Nuclear Power»
Келесі кезең: жобаны іске асыру
«Росатом» Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті салуға арналған халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталды. Қазір Ресей тарапынан экспорттық қаржыландыру тартумәселесі қарастырылуда.
Атом энергиясы агенттігі тиімді халықаралық консорциум құру бойынша шетелдік әріптестермен жұмысын жалғастырады.