Қазақстандықтардың мобильді аударымдары қыркүйектен бастап тексеріле бастайды, Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Оның айтуынша, мобильді аударымдарға қатысты заң қабылданып, қыркүйекте күшіне енбек.
Үшінші критерий – ақша сомасы бойынша – соны көздейтін бұйрық та дайын. Ол бүгін қабылданған заң жобасынан кейін қабылдануы керек еді. Заң қабылданды, ол 60 күн ішінде күшіне енеді. Сәйкесінше, біз нормативтік құжатты бекітіп, жұмысқа кірісеміз. Қыркүйекте басталады, – деді Біржанов.
Сондай-ақ, ол салық органдары қандай аударымдарды бақылауға алатынын түсіндірді.
Егер анасы қызына, әкесі немесе бауыры бір-біріне ақша аударса, бұл жерде ешқандай сұрақ туындамайды. Тіпті 1 немесе 2 миллион теңге болса да. Тағы да қайталап айтамын: үш бірдей критерий қатар орындалуы керек. Бірінші – 100 түрлі адам. Егер екі адам бір-біріне немесе тіпті 10 адам арасында ақша аударса, бұл критерийге сай келмейді. Екінші – үш ай қатарынан 100 адам бір адамға ақша аударса. Үшінші – жалпы сома 1 миллион теңгеден асуы керек, – деп түсіндірді вице-министр.