Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әлеуметтік желілерде тараған «азаматтардың жеке деректері жария болды» деген ақпаратқа байланысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, қазір Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, ұсынылған мәліметтердің шынайылығы мен өзектілігін тексеріп жатыр.
«Алғашқы талдаулар бойынша, бұл деректер мемлекеттік емес, яғни жеке ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін. Қазіргі таңда мемлекеттік ақпараттық жүйелер тарапынан дербес деректердің таралуы немесе хакерлік шабуыл салдарынан бұзылуы тіркелген жоқ», – делінген министрлік таратқан хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, тексеріс толық аяқталғанға дейін қандай да бір нақты қорытынды шығару немесе ақпараттың шынайылығын растау ерте. Сонымен қатар, егер азаматтардың дербес деректері тарап кеткендер қатарында болса, бұл туралы оларға электрондық үкімет порталы (eGov.kz) арқылы жеке кабинетіне ресми хабарлама жолданады.
Министрлік, сондай-ақ, азаматтарды ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырды және жағдайды толық бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.
Айта кетсек, бұған дейінгі осындай оқиғаларда тараған деректердің басым бөлігі ескі мәліметтер болған – олар көбінесе микроқаржы ұйымдары мен қызмет көрсету саласындағы жеке базалардан алынған.
Еске сала кетсек, бұған дейін қазақстандықтардың жеке мәліметтерін интернетте заңсыз сатқан қылмыстық топ ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.