Қоғам

«Қазақстанда тоқал алуды заңдастыру қажет» - Абзал Құспан

10:25, 05 қараша 2025 27

Қазақстанда тоқал алуды заңдастыру қажет. Бұл пікірді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Ербол Сейілханның YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.

Жеке ұстанымым, екі әйелге өз басым қарсы адаммын. Бұл менің жеке ұстанымым ғой. Бірақ заңдық-құқықтық тұрғыда келетін болсақ, заңда мынадай бір ұғым бар. Барлық заңгерлер оны біледі: «де-юре», «де-факто» деген. «Де-юре» бізде 2 әйел алуға тыйым салынған. Оны бәріміз білеміз, ол заңда тұр. Заңсыз деп саналады. Жауапкершілік жоқ, әрине. Бірақ тыйым бар. «Де-факто» кез келген жағдайы бар азаматтың екінші, үшінші, төртінші әйелдері бар екенін білеміз. Дін жолында жүрген азаматтардың басым бөлігі осыны қолдайтындығын, Пайғамбардың сүннеті ретінде қабылдайтынын да білеміз.

Пайғамбардың жағдайында бұл еріккеннен болған дүние емес еді. Жорық жағдайында, ылғи атыс-шабыс жағдайында, отбасын асырайтын ер-азаматтарсыз қалған жесірлерді асырау үшін жасалған амал еді түп мағынасы. Мен мұны өте сенімді түрде айтып отырған себебім, бұған қатысты дін саласындағы шынайы діни ғалымдармен көп сөйлескем.

Қазіргілердің әрекетін айтатын болсақ, бұл құтырғандықтың белгісі. Байқайсыз ба, кілең жастарды алады. Ешкім жаңағы ағасынан қалған жеңгесін әмеңгерлікпен алып жатқан жоқ. Немесе жесір қалған әйелге «асыраушысыз қалмасын» деп жанашырлықпен алып жатқан жоқ. Жап-жас қыздарды алады. Сондықтан мен бұл құбылысқа жан-тәніммен қарсымын.

Бірақ «мен қарсы болды екен» деп, «сіз қарсы болды екен» деп, «заңда тыйым бар екен» деп тоқтап жатқан адам жоқ. Сондықтан мұны заңдастыру қажет деп есептеймін.

Журналист: Сіз тоқалдықты заңдастыру қажет деп есептейсіз?

Иә, заңмен реттеу қажет. Енді оны әуелі қоғамның талқысына салу қажет. Ар жағында заңгерлер біз оның механизмін, жүйесін шығарамыз ғой.

Журналист: Яғни, екінші әйел алуға рұқсат ету қажет. Дұрыс түсіндім бе?

Дұрыс түсіндіңіз. Енді құқықта «құқықтық нигилизм» деген нәрсе бар. Ол заңның қолжаулыққа айналуы дегенді білдіреді. Бізде заңдағы тыйымды ешбір адам Қазақстанда сақтап жатқан жоқ. Енді заңның тыйым нормасы қолжаулық болмағанда несі қалды? Айтыңызшы маған. Сондықтан да мұны заңдастыру қажет. Заңмен реттеу керек.

Керек десеңіз, бізде әйел құқығын қорғаушылар көп қой. Бірақ дәл осы мәселеге келген кезде олардың позициясы өзгеріп шыға келеді. Олардың артында тұрған топтардың кейбір батыстық құқық қорғау органдарымен байланысын сезіп қоямын. Сол салада көп жүрдім ғой, білемін.

Әйел құқығын шынайы қорғайтын болсақ, тоқал құқықтық тұрғыда қорғалмаған. Алимент ала алмайды, «дүние алып бер», «балама жағдай жасап бер» деп заңды түрде талап ете алмайды. Біз осыған қашанғы көз жұмып отыруымыз керек? Ең болмағанда осы себеппен де заңдастыруды қажет еді.

Бұл жерде мені тоқал алуды қолдаушылардың қатарына қоспауды сұраймын. Бірақ заңмен реттеу қажет. Бұл жерде заңгер ретіндегі пікірімді айтып отырмын.

Бұл енді тосындау мәлімдеме ғой депутат тарапынан. Оның үстіне кәсіби заңгердің тарапынан айтылып жатқан. Бұл тақырып осы кезге дейін бәрі білетін тақырып. Бәрі білсе де ресми түрде айтылмайтын тақырып. Табу тақырып. Бірақ қашанғы табуды сақтап отырамыз? Реттеу керек қой. Мен реттеушілік тұрғыда айтып отырмын. Әлі қоғамда талқыланатын мәселе ғой. Бұл мәселені заңмен реттейтін кез келді деп ойлаймын. Баланың тұрғысынан, ананың тұрғысын, материалдық жағдай бойынша міндеттер жүктелуі керек. Онсыз болмайды.

Бұл менің сіздің сұрағыңызға берген жауабым. Мұны пікір ретінде қабылдауыңызды сұраймын. Әйтпесе, мұндай мәселе Мәжілісте қаралып жатқан жоқ.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз