Қоғам

Қазақстанда Telegram желісі арқылы есірткі сатумен айналысқандар ұсталды

11:52, 04 желтоқсан 2025 22

Арнайы прокурорлар интернеттегі есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша бірқатар ірі істі тергеп-тексеруді аяқтап, сотқа жіберді. Бұл туралы бас прокурор Берік Асылов Х желісінде жазды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Бас прокурор Берік Асылов прокуратураның құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша күшейтілген жұмыс жүргізіп жатқанын мәлім етті.

Оның айтуынша, интернеттегі есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша бірқатар ірі іс тергеліп, сотқа жіберілді.

Мәселен Шымкентте Telegram мессенджері арқылы жұмыс істейтін халықаралық есірткі желісінің жолы кесілді. Прокуратураның бастамасымен қазақстандық жедел-тергеу тобына АҚШ-тың есірткі бизнесіне қарсы күрес ведомствосының (DEA) қызметкерлері енгізілген. Қылмыстық схемаға 300-ден астам адам қатысқан. Тек екі айыпталушының транзакциялары бойынша айналым 7 млн АҚШ долларынан асқаны белгілі болды. 24 адам ұсталды, олардың арасында Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан азаматтары бар. 500 млн теңгеден астам мүлік тәркіленді. Ақша "дропперлердің" банк карталары және лицензияланбаған криптобиржалары арқылы аударылып отырған. Криптовалюталардың түпкілікті алушылары — шет елдердің азаматтары. Сондай-ақ тергеу барысында Шымкент аумағынан екі есірткі зертханасы табылып, олар жойылды. Олардан 6,1 кг дайын мефедрон, 330 грамм сатуға арналған оралған есірткі, 2,1 тонна прекурсор, есірткі өндіруді қамтамасыз етіп отырған зертханалық жабдықтар жиынтығы алынды. Қылмыстық желі "Карбон", "DDD_Shym" және басқа Telegram арналарын пайдаланған, олар арқылы есірткі таратылып қана қоймай, сонымен қатар "алғашқы қолданушыларға" оларды өндіру әдістерін үйреткен. Кейбіреулер прекурсорларды жеткізетін және айналымды бақылайтын негізгі желімен байланысын сақтай отырып, өз арналарын ашты.

Бас прокуратура мәліметінше, осындай тәсілдер еліміздің басқа өңірлерінде тергеп-тексеруде қолданылды. Ұлытау мен Маңғыстау облысының арнайы прокурорлары бастаған жедел-тергеу топтары синтетикалық есірткі сатуға әлеуметтік желілерді пайдаланатын есірткі сатушылардың екі таралған желісінің қызметін әшкереледі. Екі істе сотқа жіберілді. Осылайша, Ұлытау облысында Kaef Mafia Telegram арнасы арқылы есірткі сатқан дүкеннің жұмысы тоқтатылды. Алты айыпталушы қамауға алынды, цифрлық активтерді, криптовалюта әмияндарын және басқа да құндылықтарды қосқанда 3,2 млрд-тан астам теңге мемлекет кірісіне айналдырылды.

Маңғыстауда Dune-Operator 24/7 есірткі дүкенінің әрекеттерінің жолы кесілді. Есірткі сатудан түскен қолма-қол ақшаны банкке тапсыру кезінде арнайы прокурор облыстың ЭТД және ПД қызметкерлерімен бірлесіп, Шымкентке барған кезде 1 млрд 155 млн теңге және 176 мың АҚШ долларын тәркілеген. Сонымен қатар сот бір жеке кәсіпкердің банктік шотына есірткі бизнесінен түскен 1 млрд теңгеге және 734 228 АҚШ доллары (USDT) бар криптоәмиянға тыйым салды.

"Есірткі бизнесіне қарсы күрестегі бұл операциялар – Қазақстанның құқық қорғау және арнаулы органдары қызметкерлерінің жарқын, жүйелі және жанкешті жұмысының үлгісі. Мыңдаған адам, сондай-ақ олардың отбасы осы заманның кесапатының зиянды ықпалынан қорғалды. Қазақстанның құқық қорғау және арнаулы органдары азаматтардың құқықтарын қорғау және тыныштығын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады", - делінген Берік Асыловтың жазбасында.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз