Қазақстанда сотталған радикалдардың 98%-ы Ханафи мәзһабын мойындамайды. Олар дені басқа ағымды ұстанады. Бұл туралы теолог Асқар Сабдин айтты, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
«Ханафи еңбектерін де, ғалымдарын да таба алмайсмыз. Иә, ережеден тыс жағдайлар болады. Бірақ 97-98%-ы белгілі бір басқа ақидаларды ұстанады. Көп жағдайда мәзһабты мойындамайды немесе ханафи мәзһабы мен мұрасымен, ғалымдарымен еш таныс емес адамдар», – деп мәлімдеді исламтанушы Erbol Seilkhan подкастына берген сұхбатында.
Асқар Сабдин радикалдар көбіне Қазақстан аумағында тыйым салынған кітаптарды оқитынын атап өтті. Нақтырақ айтсақ, Мұхаммед ибн Абд әл-Уаххабтың «Үш негіз», «Төрт қағида», «Китабуд» сынды еңбектерін ғана мойындайды.
«Мысалға алсам, осы әдибеттерді насихаттағаны үшін жас жігіттер сотталып жатыр. Бұдан бөлек, Қазақстанда бір сыпыра террорлық немесе экстремистік болып танылған ұйымдар бар. Осылардың насихатын, идеологиясын жүргізген адамдар бар. Бірақ олардың ішінде ханафи мәзһабы беделге ие емес. Керісінше олар ханафи мәзһабын адасушылық, бидғат жолға жақын, әлсіз хадиспен амал ететін ұстаным ретінде қабылдайды», – дейді ол.
Сондай-ақ Асқар Сабдин радикалдардың саны азаймай тұрғанын да ашып айтты. Түзеу мекемесінен жазасын өтеп қанша адам шықса, сонша адам қамалып жатады.