Елімізде 2027 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде мемлекеттік орман қоры аумағында 1,3 млрд көшет отырғызылған, оның ішінде Арал теңізінің құрғаған табанына 48,7 млн сексеуіл көшеті отырғызылған.
Сонымен қатар, елді мекендер аумағында 15 млн ағаш отырғызу бойынша тапсырма орындалды.
2024 жылдан бастап орман мелиорациялық жұмыстардың едәуір көлемі ірі компаниялардың қатысуымен бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асырылып жатыр. Жерсінуі мен өміршеңдік деңгейі жоғары сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз ету мақсатында орман тәлімбақтарын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазалы қаласындағы 33 гектар алаңда қуаттылығы жылына 3 млн көшет болатын орман тәлімбағының құрылысы аяқталды. Биыл ауданы 15 гектар жаңа тәлімбақты жобалау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ орман мелиорациялық жұмыстармен айналысатын қызметкерлер үшін өндірістік модульдерді жеткізу жүзеге асырылды.