Туризм және спорт министрлігі биыл елімізде халықаралық деңгейдегі бірнеше жарыс өтетінін жеткізді.
Ақпаратқа сәйкес, бұл күндері Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында фристайл-могул және фристайл-акробатикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа Қазақстан, Германия, Канада, Қытай, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея және басқа да елдерден 100-ден астам спортшы өнер көрсетіп жатыр. Чемпионатта 6 спорт түрі бойынша 196 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ел құрамасы сапынан болашағынан үміт күттіретін жас дарынды спортшылар қатысып жатыр. Олардың қатарында Анастасия Городко, Дінмұхаммед Райымқұл, Ильнар Ибрагимов және басқа да спортшылар бар.
Ақпанда Қазақстан ұлттық құрамасы Қытайдың Харбин қаласында өтетін IX қысқы Азия ойындарына қатысады. Сары құрлық додасына 139 қазақстандық спортшы биатлон, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және басқа да спорт түрлері бойынша бақ сынайды. Жарысқа 32 елден 1000-нан астам атлет қатысады деп күтіледі. Ал отандық спортшылар биыл БАӘ-де өтетін II «Болашақтың ойындарына» қатысады. Бұған дейін мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстан 2026 жылы дәстүрлі спорт пен киберспортты біріктіретін бірегей турнир – Phygital Games of the Future жарысын өткізу құқығына ие болған еді. Спорттық іс-шараны өткізу құқығы үшін Қазақстан, Перу және Чили мемлекеттері бақ сынаған болатын, – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, жерлестеріміз биыл бірнеше маңызды жарыстарда сынға түседі. Атап айтқанда, Эр-Риядтағы (Сауд Арабиясы) VI Ислам ынтымақтастық ойындары, Бакудегі (Әзербайжан) III ТМД ойындары және Чэндудегі (Қытай) XII Дүниежүзілік ойындарына қатысады. Жалпы 2025 жылы отандық спортшылар 100-ден астам халықаралық және республикалық деңгейдегі спорттық турнирлер мен жарыстарда бақ сынайды деп жоспарланған.