Алматыдан Дамаскіге ұлттық бітімгерлік контингенттің екінші құрамы Голан жоталарына ұшып кетті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Екінші бітімгерлік ротамен бірге санитарлық нұсқаушы ефрейтор Анаргүл Көшер де Голан жоталарындағы бітімгерлік миссияға аттанды.
Қазақстандық 139 бітімгер әскери қызметші бірінші контингенттің құрамын алмастырып, «Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінген аймақты бақылау жөніндегі күштері» миссиясының құрамында қызметін жалғастырады.
Бітімгерлік контингенттің барлық әскери қызметшілері ерікті негізде қабылданды. Олардың арасында екі әйел бар. Іріктеу жан-жақты дайындық нәтижелері бойынша жүргізілді. Кандидаттардың кәсіби және моральдық қасиеттері ескерілді. Біздің контингент БҰҰ мандаты шеңберінде қойылған барлық міндеттерді орындауға дайын екеніне сенімдіміз, – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы подполковник Уәлихан Бәйкенов.
Қазақстандық бітімгерлер атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету, патрульдеу, блокпостарды күзету, жарылыс қаупі бар заттарды жою, сондай-ақ БҰҰ персоналдарын алып жүру мен эвакуациялау жөніндегі міндеттерді орындайтын болады.
Айта кетсек, Голан жоталарында қызмет еткен кезде контингенттің алғашқы құрамы қойылған барлық міндеттерді ойдағыдай орындап, БҰҰ миссиясы мен Хатшылығының басшылығынан жоғары баға алған.