Қоғам

Қазақ қара шаңырақ, қалғаны уық секілді: Алматы облысының Ұйғыр ауданы бірлік мерекесін ерекше атап өтеді

12:54, 01 мамыр 2025 59

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Бүгінде елімізде 130-дан астам диаспора тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осы мерекеге орай bairaqmedia.kz тілшісі Алматы облысы Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізовамен тілдескен болатын.

 Ұйғыр ауданында 1 мамыр, яғни, Қазақстан халықтарының бірлігі күні қалай атап өтіледі? 

Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесінің көпэтносты еліміз үшін, оның ішінде татулығы жарасқан біздің ауданымыз үшін маңызы орасан. Әр жылы мамыражай мамырдың алғашқы күнінде аталып өтілетін бұл айтулы күнді ауданымызда достық, ауызбіршілік, тұрақтылықты кеңінен насихаттайтын танымдық, мәдени көпшілік шаралармен атап өтіп келеміз. Ал, биыл бұл мереке тарихта өзіндік ерекшелігімен қалатындай тойлануы тиіс. Себебі, Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы орайда әр ауылдық округте және аудан орталығында ауқымды мәдени шаралар ұйымдастырып, жоғарғы дәрежеде өткізіп жатырмыз. Этносаралық татулықты дәріптейтін композициялық қойылымдар халықтуң көңілінен шығады деген ойдамыз. 

Бүгінде Ұйғыр ауданында қандай ұлт өкілдері өмір сүріп жатыр?

Бүгінгі күнде ауданымызда 14 этнос өкілі тұрып жатыр. Оның ішінде саны жағынан қазақ пен ұйғыр басым. Этностар арасындағы достық, туыстық, көршілік қарым-қатынас ғасырларға ұласып келеді. 

Қазір Ұйғыр ауданының экономикалық даму қарқыны қалай?

Қазіргі таңда ауданның экономикалық даму қарқыны жаман емес. Өткен жылғы негізгі көрсеткіштер межеден артық орындалып, дамуға қарай бет алғандығымызды дәлелдеді.  2024 жылы өнеркәсіп өнімі 22 млрд теңгеден астам сомманы құрап, 137 пайызға орындалды.  Инвестиция көлемі 25 млрд. 278 млн теңгеге орындалып, 107 пайыздық көрсеткішке жетті. Тауар айналымы 12 млрд теңгеден аса көрсеткішке көтеріліп, 100 пайызды құрады. Құрылыс көлемі 13 млрд теңгеден аса нәтиже көрсетіп, 131 пайызға орындалды. Тұрғын үй бойынша 18 мың 608 шарш метр қолданысқа енгізіліп, 2797 шаршы метр артығымен орындалды. Салықтың орындалуы да 8 млрд теңгеден асып, 103 пайызды құрады. Осы аталған негізгі көрсеткіштердің өсіміне қарай ауданымыздың экономикалық тұрғыдан әлеуметінің артып келе жатқанын сеніммен айтуға болады. 

Алматы облысындағы аудан әкімдерінің ішінде жалғыз әйелсіз. Аудан әкімі лауазымы мен үй шаруасын қатар алып жүру қиындық туғызбай ма?

Менің қазіргі арқалаған жүгімнің жауапкершілігі де жеңіл емес. Осыған орай үй шаруасына көңіл бөлуге уақыт табу қиынға соғып жатады. Алайда, мен антқа адал болуды, халыққа қалтқысыз қызмет етуді алдыма мақсат етіп қойған соң, атқарып отырған лауазымдық міндетімді бірінші орынға қоямын. Екі жауапкершілікті қатар алып жүру қиын болса да, арагідік үй шаруасына мүмкіндігінше  уақыт бөліп, әйелдік міндетімді де атқарып отырамын. 

Аудандағы түрлі диаспора өкілдері бүгінде қалай тіл табысып жүр?

Ауданымызда халықтар достығы бір жолға қойылған. Татулық біз үшін ең маңызды тақырып. Қазақты қара шаңыраққа баласақ, өзге этнос өкілдері сол шаңыраққа шаншылған уықтар секілді біртұтастықты, беріктікті айқындап тұр. Ауданымызда этносаралық қарым-қатынас пен өзара тіл табысуды өте жақсы деп бағалауға болады. Бұл бағытта жергілікті атқарушы орган тарапынан идеологиялық жұмыстар жоғарғы дәрежеде жүргізіп, татулықты нығайту жолында түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Ол бойынша идеологиялық жұмыстардың кешенді шаралар жоспары жасалып бекітілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде түрлі этнос өкілдері тұратын бірқатар аудандарда, оның ішінде Ұйғыр ауданында Ассамблея ашу туралы айтқан болатын. Бұл бастамаға көзқарасыңыз?

Елордада еліміздің татулығы мен тұрақтылығының символына айналған Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы аясындағы өткен сессияда Мемлекет басшысы біздің өңірімізге қатысты қуантарлық жаңалықтың астын сызып айтты. Ауданымызға достық үйін салу, ассамблеяның орталығын ашу мәселесін біріншіден Президентіміздің осы өңірдегі тікелей өкілі ретінде қолдаймыз және тапсырма ретінде қабылдап, оны жүзеге асыруға бар күшімізді саламыз. Себебі жоғарыда айтып өткен халықтар достығын нығайтуға арналған идеологиялық жұмыстарды күшейте түсуге ассамблеяның үлкен септігі тиер еді. 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз