Өзбекстандадағы "Навои" бақылау-өткізу бекетінде кептеліс мәселесі шешілді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Қос мемлекеттің шекара және кеден органдары өкілдері "Навои" өткізу пунктінде кездесіп, Құрбан айт мерекесі қарсаңында пайда болған жеңіл көлік кептелісін жою мәселесін талқылаған болатын.
Сөйтіп, тараптар қосымша ресурстарды жұмылдырып, реверсивті қозғалыс енгізу туралы шешім қабылдаған.
Өзбекстан Кеден комитетінің баспасөз хатшысы сағат 20:20-да түсірілген бос бақылау аймағының суретін жариялап, бекеттегі кептелістер қабылданған шаралардың нәтижесінде жойылғанын мәлімдеді.
Соңғы бес жылда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік пен жолаушылар легі екі есеге артқан. Қазірдің өзінде осы бекет арқылы күніне шамамен 40 мың жолаушы мен 2 мың көлік өтеді екен.
Дегенмен, кеден қызметкері кептелістің толық жойылуына кепілдік жоқ екенін айтты. Себебі, бір көлікті тексеруге орта есеппен 5-10 минут кетеді. Осыған байланысты азаматтарға Сырдария облысындағы халықаралық емес "Оқ алтын" және "Мәлік" секілді балама өткізу пункттерін пайдалануға кеңес берді. Бұл бекеттер арқылы күніне бар-жоғы 1500-ге жуық адам және 250 көлік өтеді.
Сондай-ақ, бірқатар өткізу бекеттерінің жөндеу жұмыстары да жағдайды күрделендіріп отыр. Атап айтқанда, "Гишткуприк" бекеті уақытша жабылған. Өзбекстан тарапы бұл бекеттегі жөндеу жұмыстарының аяқталуға таяу екенін айтса, Қазақстан жағындағы "Жібек жолы" бекетінде жөндеу енді ғана басталған.
Еске салсақ, осыған дейін шекарада жүргізушілер бір тәуліктен аса уақыт шекарадан өте алмай тұрып қалған болатын.