Қоғам

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерге арнап «Мейірім» орденін тағайындады

15:11, 05 желтоқсан 2025 21

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиында «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдағанын айтты.

«Бүгін еліміздің бизнес қауымдастығы үшін өте маңызды күн деуге болады. Біз биыл да қалыптасқан дәстүрге сай «Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздарын марапаттап жатырмыз. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

Осы жердегі әр кәсіпкердің жетістігі – ел мерейінің айқын көрінісі. Сіздер сапалы өнім өндіріп, экономиканы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосып келесіздер. Әлеуметтік жауапкершілікті терең сезініп, қайырымдылық істерге белсене атсалысып жүрсіздер. Бұл – өз кәсібіне адал, іскер және нағыз отаншыл азаматтарға тән асыл қасиет деп санаймын. Мемлекет сіздерге әрдайым қолдау көрсетуге дайын», – дейді президент.

Мемлекет басшысы сөзін жалғай отырып, биылдан бастап 29 қазан «Қазақстан кәсіпкерлері күні» болып ресми түрде бекітілгенін ерекше атап өтті.

«Сонымен қатар мен жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытып, қайырымдылық істерге мол үлес қосқаны үшін еліміздің үздік кәсіпкерлеріне берілетін арнайы марапат – «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Келесі жылдан бастап залда отырған бірқатар кәсіпкер осы мәртебелі орденмен марапатталады. Бұл еліміздегі барша бизнес өкілдеріне деген айрықша құрметтің белгісі болмақ», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз