2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6%-ға өскен, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, мұндай нәтижеге өнеркәсіп пен құрылыс салаларынан бастап сауда, көлік жәнебайланысқа дейінгі негізгі салалардағы өсім қарқынының жеделдеуі ықпал етті.
Өнеркәсіп өндірісі 6,4%-ға артты. Елдің 17 өңірінде өсім байқалды: ең жоғары өсім +22,9% көрсеткішімен кен өндіру, тыңайтқыштар, портландцемент пен қант өндірісінің белсенді дамуының нәтижесінде Жамбыл облысында тіркелді. Түркістан және Жетісу облыстарында өндіріс 14,8%-ға, Алматы қаласында 14,1%-ға өсті. Шымкент қаласында өсім 18,9%-ға жетті.
Ауыл шаруашылығындағы өсім 4,0%-ды құрады (қаңтар-сәуір айларындағы 3,9%-бен салыстырғанда). Ең айқын өсім Атырау облысында (+10,4%), Солтүстік Қазақстан облысында (+7,5%) және Ақмола облысында (+6,5%) тіркелді, бұл негізінен мал мен құс сойымының артуы есебінен болды. Түркістан облысында өсім 6,3%-ды, Абай облысында – 3,6%-ды, ал Қостанай облысында – 4,8%-ды құрады.


Негізгі капиталға салынған инвестиция18,2%-ға артты. Бұл өсім көлік, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымға, сондай-ақ жабдықтар мен жаңа өнеркәсіптік нысандарға бағытталған қаржы салымдарының есебінен қамтамасыз етілді.

Байланыс және телекоммуникация саласы 2,8%-ға өсті. Бұл Интернет желісі қызметтері есебінен (+13,9%).

Үкімет елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі Президенттің тапсырмаларының орындалуын жеке бақылауда ұстауды жалғастырып келеді.