Қырғызстанда көпшілікті дүр сілкіндірген оқиға. Елдің омбудсмені Джамиля Джаманбаева зорлық-зомбылық құрбаны болған 20 жастағы жас әйелмен кездесті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Келіншектің айтуынша, оның басынан өткен жағдайлар 2024 жылы тұрмыс құрғаннан кейін басталған. Өз әкесіндей көрген қайын атасы алғаш рет сол кезде оған қол көтеріп, зорлық көрсеткен. Қорғансыз қалған жас әйелге ол пышақпен қорқытып, үнсіз қалуға мәжбүрлеген.
«Зорлық әрекеттері бір жыл бойы жүйелі түрде қайталанған. Ал күйеуінің анасы (өгей) бұл жағдайға көз жұма қарап, ешқандай шара қолданбаған. Келіні жүкті болып, сәуірдің 11-інде босанған, бірақ ауруханадан шыққаннан кейін 15 күн өтпей, қайын атасы қайтадан зорлық пен қоқан-лоқы арқылы оған шабуыл жасаған. Жәбірленуші бұл туралы күйеуіне тек мамыр айында айтқан. Жігіт болған жағдайды білген соң әкесімен сөзге келген, алайда 51 жастағы И.Э. баласын ұрып-соққан. Бұдан кейін қайын атасы оларды 10 күндік дала жұмыстарына жіберген. Ал жас жұп кейін Ыстықкөл аймағына қашып кеткен. Бірақ бала қайын атасының қолында қалған», – делінген хабарламада.
Ыстықкөлде тұрғындардың көмегімен жас жұп Қаракөл қаласының полиция бөліміне арызданған. Кейін олар Бішкектегі Ленин аудандық ішкі істер бөліміне жіберілген. Жәбірленушілер зорлыққа қатысты өтінішті шілде айының соңында жазған.
Полиция дерегінше, Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 154-бабы («Зорлау») бойынша іс қозғалып, күдікті 16 тамызда қамауға алынған.
Алайда жағдай мұнымен шектелмеген. Жас отбасы баласын отбасынан қайтарып алу үшін дағдарыс орталығына жүгінген. Орталық қызметкерлері сәбидің өте әлсірегенін, тіпті жылай да алмай қалғанын мәлімдеген. Дәрігерлер жедел түрде жансақтау бөліміне жеткізгенімен, сәби көп ұзамай жан тапсырған. Қазір бала өліміне қатысты сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр, нәтижесі әлі белгісіз.
Қырғызстан омбудсмені Джамиля Джаманбаева жас жұппен кездесіп, тегін заңгерлік, психологиялық және медициналық көмек көрсету үшін құзырлы органдарға ресми хат жолдады. Ол уәкілетті мемлекеттік органдардан зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, істің толық әрі әділ тергелуін талап етті.