Қоғам

Қайтарылған активтер: Ақмола облысын сумен жабдықтауға 1 млрд теңге бөлінді

10:14, 28 сәуір 2025 24

Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен сумен жабдықтау жүйесін салуға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Қосшы және Макинск қалаларының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.

Қосшы қаласында су құбыры жүйесінің құрылысын аяқтауға 476,7 млн теңге бөлінді. Жобаны іске асыру нәтижесінде халық 100% орталықтандырылған сумен қамтылады. Қазір шамамен 50 шақырым құбыр тартылған. Жалпы, желілердің ұзындығы 64,1 шақырым болады деп жоспарланып отыр. Нысанды жыл соңына дейін тапсыру көзделген. Қолданыстағы инженерлік желі 30 мың тұрғынға есептелген. Ал ресми деректерге сәйкес, бүгінде Қосшыда 50 мыңнан астам адам тіркелген. Қаланың бас жоспарына сәйкес, 2038 жылға қарай тұрғындар саны 150 мыңнан асады деп болжанып отыр.

Макинск қаласында су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша 72,7 шақырым желі тарту қарастырылған. Бұған дейін бөлінген қаражат есебінен бүгінде 45 шақырым бойынша жұмыс аяқталған. Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген 606,4 млн теңге жобаны толық аяқтап, халқы 18 мыңнан асатын қаланы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Заңсыз шығарылған активтерді қайтарудан түскен қаражатты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттау туралы мемлекет басшысының тапсырмасын орындау әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудың тиімді тетігіне айналды. Бүгінде Арнаулы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру, инженерлік желілер мен су құрылыстарын жаңарту сияқты салалардағы 280-ге жуық жобаны іске асыруға қаражат бөлінді.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз