Астана қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақ спорт және туризм академиясының студенті, «Қайрат» футбол клубының қақпашысы Шерхан Қалмырзаға ректор грантын табыстады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Арнайы қабылдау барысында министр академияның спорт және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Мұқтар Есқалиевпен және студентпен жүздесті. Салтанатты сәтте грант иегеріне сертификат тапсырылып, жас спортшыға үлкен сенім артылды.

Өз сөзінде министр жастарды қолдау – мемлекет саясатының маңызды бағыты екенін атап өтіп, Академия басшылығының спортта және білімде үздік нәтиже көрсетіп жүрген студенттерге қамқорлық танытып отырғанын жоғары бағалады.
«Мемлекет басшысы бұқаралық спорттың дамуына айрықша мән береді. Президент өз сөзінде: «Балалардың амандығы, олардың денсаулығы және сапалы білім алуы – еліміздің келешегіне тікелей қатысы бар мәселе», – деген еді. Осы бағытта біз де жастарды жан-жақты қолдап, олардың әлеуетін ашуға және еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға жағдай жасап келеміз. Сондай-ақ барлық спортшылар халықаралық стандарттарға сай сапалы білім алуы қажет екенін атап өткім келеді. Бұл оларға спорттағы жоғары жетістіктерге ғана емес, сонымен қатар спорттық мансабын аяқтағаннан кейін де түрлі салаларда қалыптасуға мүмкіндік береді. Жас қақпашының көрсеткен тарихи нәтижесі – бүкіл қазақстандық жастар үшін жарқын үлгі. Оны осы жетістігімен құттықтаймын және алдағы ойындарда сәттілік тілеймін!», – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар, Қазақ спорт және туризм академиясының Президенті Қайрат Закирьяновтың спортта жоғары нәтиже көрсетіп жүрген студенттерді үнемі қолдап, олардың кәсіби әрі тұлғалық дамуына жағдай жасап келе жатқан еңбегі ерекше аталды.

Бұл кездесу – жас буынды қолдаудың, білім мен спорт саласындағы ынтымақтастықты арттырудың және табысты спортшыларды ынталандырудың жарқын көрінісі болды.
