Ресей президенті Владимир Путин АҚШ басшысы Дональд Трампқа Мәскеудің Киевтен территориядан бас тартуды талап етуді жалғастырып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Bloomberg пен The New York Times (NYT) басылымдары жазды. Ал Financial Times (FT) дереккөздерінің айтуынша, Ресей лидері Донецк облысы үшін территориялық талаптарын жұмсартуға дайын екенін білдірген.
15 тамызда Аляскада өткен Путин мен Трамптың келіссөздерінен кейін енді 18 тамызда Вашингтонда АҚШ пен Украина президенттерінің кездесуі жоспарланған. Bloomberg, NYT және FT дереккөздерінің мәліметінше, Трамп телефон арқылы Украина президенті Владимир Зеленскийге Путиннің Донбастан бас тарту жөніндегі территориялық талабын жеткізген.
Зеленский әлеуметтік желідегі Х парақшасында Трамппен «бір жарым сағатқа созылған ұзақ әрі мазмұнды әңгіме» болғанын жазды. Әңгіме басталғаннан бір сағаттан кейін оған Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Финляндия елдерінің, сондай-ақ НАТО мен Еуропалық комиссияның басшылары қосылған.
Америкалық Axios порталының дереккөзіне сүйенсек, Украина мен АҚШ президенттерінің телефон әңгімесі «оңай болмаған». Дегенмен, АҚШ президентінің өзі Путинмен кездесуін де, Зеленскиймен сөйлесуін де «өте жақсы өтті» деп сипаттаған. Bloomberg дереккөздері Трамптың Путинмен кездесуін «өнімді» деп атап, ол кейін Зеленскийге мәмілеге келуді ұсынатынын, сөйтіп Украина басшысына қысымды күшейтетінін жеткізгенін жазды.
NYT дереккөздері де телефон арқылы еуропалық лидерлермен сөйлескен Трамп Путин қойған шарттарды қолдағанын, оларды орындау соғысты уақытша бітімсіз-ақ «жылдам» аяқтауға мүмкіндік береді деп мәлімдегенін айтады. Дереккөздердің сөзінше, бұл шарттарға Украина қазір Ресей бақылауына өтпеген Донбастың батыс бөлігінен де бас тарту кіреді.
FT-тің Аляскадағы келіссөздер барысымен таныс төрт дереккөзіне сүйенсек, Украина Донбастан бас тартқан жағдайда Путин Херсон мен Запорожье облыстарындағы қазіргі майдан шебін «мұздатуға» дайын екенін білдірген, әрі Украина Қарулы күштерінің бақылауында тұрған жерлерге енді талап қоймайтынын айтқан.
Axios дереккөзі: «Әсер қалдырғаны – территорияға айырбас ретінде Путин [әскери операцияны] тоқтатуға және Украина аумағындағы жаңа жерлерді басып алуға немесе басқа елдерге шабуыл жасауға талпынбайтынына кепілдік беруге дайын сияқты көрінді», - дейді.
Ол сонымен бірге Трамптың Зеленскийге Путиннің ресейлік әскердің барлық бағытта айтарлықтай ілгерілеуі туралы сөзін жеткізгенін, Ресей қаласа, қазір шайқас жүріп жатқан барлық аудандарды бақылауға ала алатынын айтқанын хабарлады. Axios-тың жазуынша, Зеленский бұл сипаттаманы «шынайылықтан алшақ» деп атаған.
Путинмен кездесуден кейін Трамп «көптеген мәселелер бойынша келісімге келгенін, бірақ барлық мәселе бойынша емес» екенін айтып, «енді оны президент Зеленский шешуі тиіс» деп, Украина басшысын ымыраға шақырды.
Бұған дейін Зеленский бірнеше рет Донбасты Ресейге берудің мүмкін еместігін, мұның ел Конституциясына қайшы екенін мәлімдеген болатын. Алайда АҚШ президентімен сөйлескеннен кейін ол әлеуметтік желідегі Х парақшасында: «Украина бейбітшілікке қол жеткізу үшін бар күшін салуға дайын екенін растайды», - деп жазды. FT дереккөздерінің айтуынша, дүйсенбі күні өтетін Трамппен кездесу барысында Зеленский «территориялық мәселелерді талқылауға ашық» болмақ.