Профессор, ардагер журналист Кәкен Қамзиннің үйінің ақшасын алаяқтар шетелге транзакциялаған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай айтты, деп жазады kursiv.media.
«Қазір заңға сәйкес ашып ештеңе айта алмаймын. Бұл қылмыс бойынша біз тергеу амалдарын жүргізіп жатырмыз. Мұндай қылмыстардың қайдан және қалай жасалып жатқанын білеміз. Қазір қылмыскерлердің ақшаны қалай алғаны туралы, қалай шетелге транзакциялармен кеткен туралы тексеріс жүргізіліп жатыр», – деді ІІМ өкілі.
Полиция өкілі тергеу амалдары аяқталғанша, үйге қатысты қандай да бір шаралар қолдануға тыйым салынатынын хабарлады.
Жандос Сүйінбай профессордың үйінен айырылмайды деп сенеді, себебі үйдің алаяқтық жолмен сатылғаны анық. Сонымен бірге үйді сатып алғандардың бұл қылмысқа қаншалықты қатысы бар екені тексерілмек.
Бұған дейін PR маманы Айбар Олжаев алаяқтар профессор Кәкен Қамзиннің сенгіштігін пайдаланып, баспанасын алаяқтық жолмен сатқызғанын жазған едік. Алаяқтар алдымен, «Энергосбыт» адамдары ретінде хабарласып, мекен жайы, ЖСН, пәтері туралы ақпаратты біліп алған. Артынан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атын жамылып хабарласып, біреулердің үйін тартып алайын деп тұрғанын айтып, тез үйін сатуға көндіріп, ал ақшаны Ұлттық банктің арнайы шотында сақтайсыз деп алдаған.