$ 487.76
 562.39
 6.75

Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейтетін заңға қол қойды

Редактор
12.06.2026, 18:45
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Жаңа түзетулер мүдделер қақтығысын реттеуді жетілдіріп, пара беруге уәде ету мен пара талап еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізеді, сондай-ақ мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігін күшейтеді.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжат 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыруға және халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізуге бағытталған, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Мемлекет басшысы қол қойған заң сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін жетілдіруге, жауапкершілікті күшейтуге және қоғамда адалдық пен парасаттылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған.

Құжатта мүдделер қақтығысы әлеуетті, нақты және орын алған түрлерге бөлініп, олардың әрқайсысы бойынша әрекет ету алгоритмі мен нақты мерзімдер белгіленді. Сондай-ақ мүдделер қақтығысы жағдайында қабылданған актілер мен жасалған мәмілелер жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің тәуелсіздігі күшейтілді. Енді олар атқарушы органдардан тәуелсіз жұмыс істеп, тек директорлар кеңесіне немесе байқау кеңесіне есеп береді және уәкілетті органмен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.

2024 жылғы 21 қарашадағы №709 Жарлықты іске асыру аясында Еңбек кодексінде қызметке қабылдау кезеңінде мүдделер қақтығысын автоматты түрде анықтауға мүмкіндік беретін цифрлық кадрлық жүйенің құқықтық негіздері бекітілді.

Жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету мақсатында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша шаралар қабылдамағаны, сондай-ақ қарамағындағы қызметкерлердің құқық бұзушылықтары үшін мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігі күшейтілді. Сонымен бірге, жеке тұлғаларды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі бір жылдан үш жылға дейін ұзартылды.

Заңда пара беруге уәде ету, пара ұсыну және пара талап ету үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Мұндай тәжірибе Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше барлық 38 мемлекетте қолданылады. Халықаралық тәжірибе мұндай шаралар сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал ететінін көрсетеді.

Тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін ауруханаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында, банктерде және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарында жасалатын құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылды. Аталған ұйымдардың қызметкерлері ірі мөлшерде немесе бопсалау жолымен заңсыз сыйақы алған жағдайда жауапкершілік күшейтілді. Сонымен қатар, оларға заңсыз сыйақы бергені үшін де қылмыстық жауаптылық енгізілді. Қылмыстық кодекс заңсыз сыйақы алуға арандатқаны үшін жауапкершілікті көздейтін жаңа нормамен толықтырылды.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы функциялар қайта бөлінді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтау және тергеп-тексерумен айналысатын болса, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыруды қамтамасыз етеді.

Қабылданған заңдар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды күшейтуге, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге және қоғамда адалдық пен әділдік қағидаттарын нығайтуға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау