Белгілі UFC жауынгері Шавхат Рахмоновтың жұбайы – Гүлайым Рахмонова екі адам көз жұмған жол апатына байланысты істе қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде жауап берген, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Бұл туралы Жамбыл облыстық Полиция департаменті мәлімдеді.
«Жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу әрекеттері аясында оқиғаның объективті мән-жайын анықтауға бағытталған барлық қажетті процессуалдық шаралар жүргізілуде, тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта азаматшадан (Рахмоновтың әйелі – ред.) қорғау құқығына ие куәгер ретінде жауап алынды», - деді Жамбыл облыстық ПД.
Белгілі болғандай, спортшының жұбайы қазір Алматы қаласында ауруханада емделіп жатыр.
Тергеу шараларының нәтижелері бойынша оған қатысты қолданыстағы заңнама аясында процессуалдық шешім қабылданатын болады.
«ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етуге жатпайды», - деп атап өтті ведомстводан.