Алматыда полицейге шабуыл жасаған бар қонақтары мен күзетшісі сотталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, 2024 жылғы 22 желтоқсан түні Алматыдағы «Barland» барында болған жанжал салдарынан полиция қызметкері пышақ жарақатын алды. Оқиға барысында күзетшілердің бірі тіркелмеген травматикалық қарумен оқ атқан. Қаруды заңсыз алып жүргені және оның ресми түрде күзет қызметінде тіркелмегені анықталды.
Жанжалға қатысқан екі адам ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы («Бұзақылық») және 380-бабы («Билік өкіліне күш қолдану») бойынша жауапқа тартылып, біреуі 5 жылға, екіншісі 1 жыл 6 айға сотталды, – делінген хабарламада.
Осыған байланысты құқық қорғау органдары ойын-сауық орындарындағы тәртіпті бақылауды күшейтіп, демалыс және мереке күндері полицияның кезекшілігін ұйымдастырады.