«Пиджактар ісі»: Михаил Саакашвилиге сот үкімі шықты

Редактор
12.03.2025, 18:12
«Пиджактар ісі»: Михаил Саакашвилиге сот үкімі шықты
Эк-президент мемлекет қаржысына пиджактар мен пальто сатып алып, ұлының оқу ақысын төлеген

Тбилиси қалалық соты экс-президент Михаил Саакашвилиді мемлекеттік қаражатты ысырап ету ісі бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz. РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.

«Мтавари архи» телеарнасының ақпаратына сәйкес, Михаил Саакашвили «пиджактар ісі» бойынша тоғыз жылға сотталған.

Саакашвилиге мемлекеттік қаражатты ысырап етті деген айып 2014 жылы тағылған. Бұл іс Грузияда «пиджактар ісі» деген атпен танымал. Айыптау тарапының мәлімдеуінше, саясаткер президенттік қызметін атқару кезінде мемлекет қаржысына пиджактар мен пальто сатып алып, ұлының оқу ақысын төлеген, косметикалық процедуралар жасап, қымбат көліктер мен ұшақ жалдаған, сондай-ақ қолсағаттар сатып алған. Жалпы шығын 3,2 миллион доллардан асады, – делінген агенттік хабарламасында.

Үкімді судья Бадри Кочламазашвили шығарды. Бұл істе сондай-ақ Мемлекеттік күзет арнайы қызметінің бұрынғы басшысы Теймураз Джанашия да фигурант болған. Телеарна деректеріне сәйкес, сот оған 300 мың лари (шамамен 100 мың доллар) көлемінде айыппұл салды.

Айта кетсек, Саакашвили 2021 жылғы 1 қазанда Грузияға Украинадан оралғаннан кейін ұсталды. Ол бес қылмыстық іс бойынша айыпталып отыр, оның екеуі бойынша сырттай алты жылға сотталған.

Қазір Тбилиси қалалық сотында оған қатысты үш іс қаралып жатыр: мемлекеттік қаражатты ысырап ету ісі, 2007 жылғы 7 қарашадағы наразылық шеруін тарату ісі және шекараны заңсыз кесіп өту ісі. Шекараны заңсыз кесіп өту ісі бойынша үкім 14 наурызда шығарылады деп күтіледі.