Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы терезеден құлап кеткен, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде төтенше жағдай орын алды. Мектеп оқушысы үшінші қабаттың терезесінен құлап кеткен.
Оқу орнының мәлімдеуінше, қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
17 ақпанда мектеп оқушысы үшінші қабаттан құлап, жарақат алды. Қазіргі уақытта ол ауруханада жатыр, - деп түсіндірді Петропавл қаласындағы НЗМ баспасөз қызметі.
Зардап шеккен оқушы түрлі жарақаттармен қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген.
Оқушы жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр. Бірақ есін біледі. Толығырақ ақпаратты кейінірек хабарлаймыз, - деп хабарлады Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.