Қоғам

Перизат Қайраттың қайырымдылық қорына Kaspi Bank 620 млн теңге аударған

09:00, 17 шілде 2025 17

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайрат ісі бойынша басты сот талқылауы өтіп жатыр. Сотта Kaspi Bank-тің бас заңгері Айдар Ксенбаевтан жауап алу басталды. Ол «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорына қаражат қалай аударылғанын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Банк өкілінің айтуынша, 2024 жылдың сәуір айында банкке Перизат Қайраттан екі хат келген. Айыпталушы алғашқы хатта 120 миллион теңге, үш күннен кейінгі екінші хатта тағы 500 миллион теңге аударуды сұраған.

«Хаттарды қарағаннан кейін біз көмек ретінде «Biz Birgemiz» ҚБ-нің банктік шотына 620 миллион теңге аудардық. Ақша тікелей шотқа жіберілді. 2024 жылдың 1 шілдесінде Перизаттан алғыс хат келіп түсті. Хатта қаражаттың басым бөлігі қайықтар, генераторлар, қаптар және басқа да заттар сатып алуға жұмсалғаны айтылған. Қалған сома азық-түлік пен көлік қызметтеріне кеткен. Алайда қазіргі таңда азаматтарға арналған бұл қаражатты қор басшысы иемденіп кеткені анықталды. Қазіргі уақытта банкке 620 миллион теңге көлемінде шығын келтірілді», – деді банк заңгері сәрсенбі күні.

Айта кетейік, кеше өткен сот отырысында тағы бір банктің өкілі «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорына 300 миллион теңге аударылғанын хабарлаған болатын.

Осылайша, екі отандық банк Перизат Қайрат қорының шотына жалпы сомасы шамамен 1 миллиард теңге аударған. Бұл қайырымдылық көмегі су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде жасалған.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз