Өзбекстанның Наманган облысында имамдар, имам-хатибтер және мешіт қызметкерлерінің (мутаваллилердің) әйелдері арнайы жиынға шақырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында оларға орамалды араб дәстүріне сай емес, жергілікті ұлттық үлгімен – түйінін артқа байлап тағу қажеттігі ескертілді.
Бұл тапсырма Наманган облысының мұсылмандар басқармасының жетекшісі Мусахон Аббосидиновке жүктелген.
Жиналыс барысында облыстық әкімдік жанындағы діни ұйымдармен жұмыс бөлімінің қызметкері Сайера Исакова сөз сөйлеп, елде тұлғаны тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынғанын еске салды.
Аталған талап 2023 жылдан бастап заңмен бекітілген. Оны бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 184-бабының 4-бөлігіне сәйкес айыппұл салынады.
«Егер имамның жары заңды бұзса, оның күйеуі де жауапкершілікке тартылады. Құранда хиджаб тағу міндеттелмеген», – деді Исакова.
Журналистердің қолына ұзақтығы екі сағаттан асатын жиынның аудиожазбасы түскені де хабарланды.