Қоғам

Оразаны қалай дұрыс ұстау керек?

12:00, 19 ақпан 2026 35

Дәрігер Бақытжан Позилов қасиетті Рамазан айында ораза ұстаушыларға бірнеше кеңес ұсынды. Оның айтуынша, құлшылықпен қатар денсаулықты сақтау да аса маңызды. Сондықтан ауыз бекіту мен ауыз ашу тәртібіне ерекше көңіл бөлген жөн, деп хабарлайды bairaqmedia.kz baq.kz-ке сілтеме жасап.

Сәресіні міндетті түрде ішу керек

Дәрігер сәресіні өткізіп алмауға кеңес береді.

Таңғы ас жеңіл болғанымен, тойымды әрі құнарлы болуы керек. Әсіресе ақуызға бай тағамдар, баяу сіңетін көмірсулар, құрма және жеткілікті мөлшерде су ішу пайдалы. Кем дегенде 1-2 стақан су ішу ұсынылады, - дейді ол. 

Ал қуырылған, ащы және тұзды тағамдар шөлді күшейтетіндіктен, олардан бас тартқан дұрыс. Тек шай ішумен шектелу де ағзаға жеткіліксіз. Дәрігер «күні бойы аш жүрмеу үшін» деп шамадан тыс тамақтану қателік екенін атап өтті. Артық ас асқазанға салмақ түсіреді.

Ауыз ашу әдебі

Бақытжан Позилов сәресіне қалай назар салсаңыз, ауыз ашу кезінде де қарапайым қағидаларды сақтауды ұсынады. 

Ауызды бірден  ауыр тағаммен ашпау керек. Ең дұрысы – 1-3 құрма мен жылы су. Мұздай немесе газдалған сусындардан аулақ болған жөн, - дейді дәрігер. 

Дәрігер кеңесінше, алдымен жеңіл сорпа не салат ішіп, шамамен 10-15 минуттан кейін ғана негізгі тағамға көшу ұсынылады. Майлы, ащы немесе тәтті тағамды бірден жеу асқазанға зиян келтіруі мүмкін. Сондай-ақ артық тамақтану асқазан-ішек жолы аурулары мен салмақ қосуға себеп болады.

Ораза ұстауға болмайтын жағдайлар

Дәрігердің айтуынша, ораза барлық адамға бірдей міндет емес. Кейбір денсаулық жағдайларында ораза ұстаудан бас тартқан дұрыс.

Атап айтқанда:

Инсулин қабылдайтын қант диабеті бар науқастар;

Асқазан ойық жарасы мен гастриттің асқынған түрі;

Онкологиялық аурулары бар адамдар;
Жүкті және емізулі аналар (әлсіздік байқалса);

Қатты анемияға шалдыққандар;
Қан қысымы тұрақсыз жандар;
Созылмалы ауруы асқынған адамдар.

Егер ораза кезінде бас айналу, талып қалу, қан қысымының күрт төмендеуі немесе қандағы қанттың азаюы байқалса, оразаны тоқтату қажет.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз