Орал қаласындағы темір жол вокзалын жөндеу жұмысы аяқтала келді. Бұл жөнінде bairaqmedia.kz БҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Қазіргі уақытта Орал темір жол вокзалын жөндеу жұмысының 98%-ы тәмамдалды. Құрылыс нысанына БҚО әкімі Нариман Төреғалиев барды. Жобаға 6 млрд теңге жұмсалды. Мердігер – «KazConctructionGroup» ЖШС
«Жоба аясында стратегиялық нысанда заманауи күту залдары жасақталып, жаңартылған ақпараттық және навигациялық жүйелер іске қосылды. Басты міндет – жолаушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау.
Бекетте 4 эскалатор, 3 жеделсаты орнатылып, конкорстық өткел салынды. Вокзалдан перронға бұрынғыдай жертөле арқылы емес, тікелей шығу мүмкіндігі қарастырылды», – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, вокзал ғимаратында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлмелер болады. Оған қоса жүріс-тұрысына ыңғайлы жеделсатылар іске қосылады. Бұдан бөлек ана мен балаға арналған үш бөлме ашылады. Өңір басшысы вокзалға баратынын автожолды жөндеу жоспарда бар екенін хабарлады. Жергілікті бюджет есебінен вокзал төңірегі абаттандырылады.
Оралдағы темір жол бекеті 20 шілдеде пайдалануға беріледі. Облыс бойынша Шыңғырлау, Бөрлі, Тасқала аудандарындағы темір жол вокзалдарын жаңғырту жұмысы да бітті. Ал қаладағы вокзал 1983 жылы салынған. Орал темір жол вокзалының басшысы Жалғас Аманғалиевтің айтуынша, бір жылда осы нысан арқылы 4 мың жолаушы қатынайды. «KazConctructionGroup» ЖШС басшысы Ернияз Удреев жоба ауқымында 300-ге тарта адам жұмысқа тартылғанын айтты. Қазіргі кезде вокзал ішін өңдеу жұмысы қарқынды жүргізілуде.