1 мамыр күні Республика сарайында “Алатау серілері” тобының жеке концерті өтпек. Оның билеттері оқытушыларға мәжбүрлі түрде сатылып жатқан көрінеді деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Бұл туралы депутат Дәулет Мұқаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол оқырмандардың хатын да жариялаған.
Колледж оқытушысы болып жұмыс істеймін. Бізге қинап билет алғызып жатыр. 5000 теңгені оқытушылар мен студенттерден қолма-қол жинап жүр. Қайда жүгінсек болады. Үнемі осылай ақша жинатады, – деп жазған желі қолданушысы.
Мәжіліс депутатының айтуынша, бір күнде бірнеше оқырманынан осындай хат алған.
Осы мазмұндағы хаттар жиі келіп жатады. Мұғалімдерді концертке билет алуға мәжбүрлеу – заңсыз! Білім саласының қызметкерлерінен, атап айтқанда колледж, мектеп мұғалімдерінен “Алатау серілерінің” концертіне 5000 теңгеден билет алуды талап етіп жатыр деген бірнеше хат келді. Бұл – өрескел заңбұзушылық. Республика сарайына адам толмай жатса, мұғалімдердің не жазығы бар?! Шағын сахналарда да концерт беруге болады. Көресіздер, мына посттан кейін мәжбүрлі билет алдыруға қатысты білім бөлімі де, “Алатау серілерінің” жігіттері де ештеңе білмей шығады, – деді Мұқаев.