Қоғам

Оқуға кеткелі жатқан оқушыны қарумен қорқытып, 20 млн теңге талап еткен

16:34, 27 мамыр 2025 35

Елордада төрт адамнан құралған қылмыстық топ кәмелетке толмаған жасөспірімді қорқытып, 20 миллион теңге талап еткені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Сотталғандар жасөспірімнің шетелге оқуға аттанғалы жатқанын және отбасында ірі көлемде қаражат барын біліп, әдейі сөз байласқан. Қарумен қорқытып, психологиялық қысым көрсету арқылы 4 миллион теңгені тартып алған. Кейін топ мүшелерінің екеуі жәбірленушіден тағы 100 мың теңге алмақ болған сәтте ұсталды.

Мемлекеттік айыптаушы кінәні толық дәлелдеді. Сот үкімімен барлық айыпталушы 10 жылға сотталып, жәбірленушіге келтірілген 4 млн теңге шығын қайтарылды. Қосымша 2 млн теңге моральдық өтемақы өндірілді.

ҚР ҚК 194-бабы — қорқытып алу бойынша мұндай қылмыс үшін 15 жылға дейін жаза көзделген. Ал ауыр нысандағы қорқытып алу үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік басталады. Заңсыз әрекет жасаған кәмелетке толмағандар ғана емес, олардың ата-аналары да жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз