Оңтүстік Кореяда бірнеше күн бойы толассыз жауған нөсер жаңбырдан кейін кемінде 18 адам қаза тауып, 9 адам хабар-ошарсыз кеткен. Мыңдаған тұрғын эвакуацияланып, үйлер мен егістік алқаптар бүлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өткен аптада басталған жауын-шашын демалыс күндері күшейіп, кейбір аймақтарда бір сағаттың ішінде бұрын-соңды болмаған көлемде жаңбыр жауған.
Қауіпсіздік және ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 14 000-нан астам адам эвакуацияланды. Елдің 15 қаласы мен өңірінде тұрғын үйлерге, қоғамдық инфрақұрылымға және мал шаруашылығына елеулі шығын келтірілді. Ең ауыр жағдай Санчхонг уезінде тіркелді. Мұнда 10 адам мерт болып, 4 адам із-түзсіз жоғалған.
Сәрсенбіден бері елдің оңтүстігіне 60-80 см аралығында жауын жауған. Сеулден солтүстік-шығысқа қарай орналасқан Гапён аймағында бір ер адам су тасқыны кезінде ағыспен ағып кетіп, қаза тапты. Оның әйелі мен жасөспірім ұлы әлі табылған жоқ. Тағы бір тұрғын үй құлаған кезде көз жұмса, 70 жастағы ер адам көшкін астында қалып қайтыс болған.
Зардап шеккен аймақтардан түсірілген видеоларда лай басқан ауылдар мен ағын су көліктерді ағызып әкетіп жатқан сәттер бейнеленген.
Кванджу қаласында тұрғындар қоқысты жинап жатыр, ал әскерилер қалпына келтіру жұмыстарына көмектесуде.
Жұма күні 4 адамның қаза тапқаны расталып, мыңнан астам адам эвакуацияланған болатын. Құрбандардың бірі Оңтүстік Чхунчхонда орналасқан Сосан қаласындағы 50 жастағы ер адам – көлігі тасқын суға ағып кетер сәтте әйелімен хабарласып үлгерген.
Yonhap агенттігінің дерегінше, 2 000-ға жуық қоғамдық инфрақұрылым нысаны зақымданды. Ал жеке үйлерге қатысты 2 200-ден астам бүліну жағдайы тіркелген. 41 000-нан аса үй уақытша жарықсыз қалған. Шаруашылықтағы жануарлар өлген.