29 жастағы қазақстандыққа қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған деп хабарлайды bairaqmedia.kz жергілікті ақпарат құралдарына сілтеме жасап.
Инчхон халықаралық әуежайының кеден қызметі 9 сәуір күні 29 жастағы қазақстандық азаматқа қатысты тергеу аяқталғанын және іс сотқа жолданғанын мәлімдеді. Ол мефедрон есірткі затын елге кіргізіп, таратпақ болған.
Тергеу дерегі бойынша, есірткі заты Украинадан пошта арқылы жөнелтілген. Контрабанда балауыз шамдардың ішіне жасырып, пластик пакетке оралған күйде жеткізілген. 61,5 грамм мефедрон тәркіленген, — деп жазылған хабарламада.
Ұсталған азамат Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген, әрі тергеуден жалтару үшін бірнеше рет жеткізу мекенжайын және байланыс деректерін өзгерткен көрінеді. Алайда, кеден қызметкерлері оны елден ұшып кетуге әрекет жасаған сәтте ұстапты.
Тергеу барысында ұсталған азаматтың тағы бір қазақстандықпен сөз байласқаны анықталған. Ол адам елден бұрын шығып кеткен, қазіргі уақытта Қазақстан аумағында жүр деген болжам бар. Ол 28 жаста және наурыз айында халықаралық іздеуге жарияланды, — делінген жазбада.
Күдіктілер Оңтүстік Кореяда шетел азаматтары көп шоғырланған аудандарда есірткі таратпақ болған. Олар Telegram желісі арқылы жеткізушімен байланыс орнатуды көздеген.