Әйгілі әнші Димаш Құдайберген Асанәлі Әшімовті еске алып, желіде жазба жариялады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
«Асанәлі ағамыздың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Қазақ өнерінің тұтас дәуірі мен тарихын арқалаған алып тұлға өмірден өтті…Сіз – қазақ өнерінің ғана емес, тұтас бір ұлт руханиятының темірқазығы болған ұлы тұлға едіңіз. Маған берген ақ баталарыңыз, айтқан әрбір өнегелі сөзіңіз - мен үшін өмірлік бағдар, өнер жолындағы ең қымбат рухани мұра. Сіздің сеніміңіз бен ақыл-кеңесіңіз мені әрдайым биік жауапкершілікке, адалдық пен тазалыққа жетелеп келеді.
Өнерге, адамдыққа, ұлтқа деген сіздің ұстанымыңыз - кейінгі буын үшін өлмес өнеге. Сол өнегені жүрегімде сақтап, әрдайым лайық болуға тырысамын. Ағамыздың рухы пейіштің төрінде шалқығай! Отбасына, жақындарына жаратушы иеміз сабыр берсін. Қазаның арты қайырлы болғай, ағайын», - деп жазды Димаш Құдайберген.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның көрнекті мәдениет қайраткері, халық әртісі Асанәлі Әшімов кеше, 21 желтоқсан күні 88 жасында өмірден өтті.