Бұрын құқық қорғау органдарында лауазымды қызмет атқарған Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдікті деп танылды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Бас прокуратура Олеся Кексельдің азаптау ісі бойынша күдікті деп танылғанын растады.
Бас прокуратура 2025 жылғы 4 шілдеде Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1), 2) тармақтары (Азаптау) бойынша қылмыс жасады деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Кексель О.И-ді күдікті деп таныды, – делінген хабарламада.
Прокуратураның хабарлауынша, қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Тергеушілер қосымша дәлелдер жинауда.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.
Айта кетейік, Олеся Кексель 2017-2018 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Тергеу департаменті басшысының орынбасары болған. Бұған қоса, Кексель 2018-2019 жылдары арнайы прокурорлар қызметінің бастығы қызметін атқарды.