Қазақстанда несие қарызы, жалақының төмендігі мен баспана бағасының қымбаттығы жас отбасылардың балалы болу жоспарын кейінге шегеруіне әсер етіп отыр. Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов осындай пікір білдіріп, бала дүниеге келген отбасыларға пайызсыз несие демалысын беруді ұсынды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Мұрат Әбенов бұл туралы өзінің Facebook парақшасында жазған. Оның айтуынша, қарыз жүктемесі жас отбасылардың қаржылық мүмкіндігін шектеп, бала сүю туралы шешіміне тікелей ықпал етуде.
«Жастар микрокредиттік ұйымдар да, жеке сот орындаушылары да декретке байланысты жеңілдік жасамайтынын түсінеді. Несие бойынша ай сайынғы төлем отбасылық бюджетте балаға жұмсалатын қаражаттың орнын басып отыр», – деп жазды Әбенов.
Ол бұл құбылысты «қарыздық контрацепция» деп атаған. Әбенов келтірген мәліметке сәйкес, Қазақстанда 9,16 миллион адамның несиесі бар. Ал халықтың банктер алдындағы жалпы берешегі 26,7 триллион теңгеге жеткен. Халық кеңесінің мүшесі бала туу көрсеткішінің төмендеуіне де назар аударды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2021 жылы Қазақстанда 446 мыңға жуық бала дүниеге келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 335 мыңға дейін азайған. Яғни төрт жыл ішінде шамамен 25 пайызға төмендеген.
Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында туған балалар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға жуық азайғаны айтылды. Осыған байланысты Мұрат Әбенов бала дүниеге келген кезде несие төлемдерін автоматты түрде кейінге шегеруді және осы кезеңде қосымша пайыз есептемеуді ұсынды. Сонымен қатар микрокаржы ұйымдарының қызметін шектеу және борышкерлердің банк шоттарын бұғаттау тәртібін қайта қарау қажеттігін көтерді. Оның сөзінше, шоттардың бұғатталуы мәселесі шамамен 1,5 миллион адамға әсер еткен.
Әбенов мемлекеттік жәрдемақыларды қайта қарау кезінде бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында жас отбасыларды әлеуметтік қолдаудан айыруға болмайтынын да атап өтті.
«Жаңа кәсіпорындарда кім жұмыс істейді, экономиканы кім дамытады, зейнетақы жүйесін кім қамтамасыз етеді?» – деп сауал тастады ол.
Сондай-ақ ол мектептер мен ауруханалар салуды жоспарлау кезінде демографиялық өзгерістерді ескеруді, ал әкімдердің жұмысын бағалауда өңірде тұрақтап қалған жас отбасылардың санын назарға алуды ұсынды.