Қырғыз Республикасы Бішкек қаласы шетінде орналасқан «Ақ-Құла» ипподромында Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған көкпар турнирі кезінде бір ойыншы қайтыс болды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
АКИpress порталының ақпаратына сәйкес, турнирдің алғашқы ойынында «Бөрүлү» және «Бүркүт» командалары кездескен.
Ойын барысында болған қақтығыстан кейін «Бөрүлү» командасының бір ойыншысы жерге құлады. Оған бірден командаластары жүгіріп барды, ал ипподром дикторы дәрігерлерді шақыруды сұрады, – делінген хабарламада.
Жедел медициналық жәрдем орталығының мәліметінше, 44 жастағы ер адам жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған. Оның ашық бас-ми жарақатын алғаны анықталды.
Қазір полиция бұл оқиға бойынша алдын ала тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қайтыс болған көкпаршы 1980 жылы туған Мирлан Сражидинов болып шықты.