Әлеуметтік желілерде Наурыз мейрамына қатысты даулы пікір білдірген ер адамның видеосы тарады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Онда автор бұл мерекені Қазақстанда атап өтуге болмайтынын айтып, оны «қазақтарға да, мұсылмандарға да тән емес» деп сипаттаған.Аталған бейнежазба желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Кейін Ішкі істер министрлігі өкілдері бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.
Ведомство мәліметінше, 23 наурыз күні TikTok платформасына жүргізілген мониторинг барысында діни және этномәдени сипаттағы мәлімдеме жасалған видео анықталған. Осыған байланысты құқық қорғау органдары діни алауыздықты қоздыру дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеді. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде 1991 жылы туған азаматтың жеке басы анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Іс бойынша өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
Сондай-ақ күдікті аталған видеоны өшіріп, өзінің TikTok-тағы парақшасын жойғаны белгілі болды.