Блогер Мұрат Әбділда қайтадан қамауға алынды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Сауран аудандық полиция бөлімі атышулы блогерді мерзімінен бұрын шартты түрде босату жазасының күшін жойып, оның қалған өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыруды сұраған. Ұсыным Түркістан қаласының ауданаралық сотында қаралды.
Айта кетсек, сот оны 2022 жылы ұлтаралық, ұлттық және діни араздықты қоздырғаны үшін 4,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен болатын. Ал, 2024 жылы соттың қаулысы негізінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Содан Түркістан облысының полиция департаметінің Сауран аудандық полиция бөліміне профилактикалық есепке алынған.
Профилиактикалық есепте тұрғанына қарамастан, ол 2024 жылы ортақ пайдалану орнын ластағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылып, оған айыппұл салынған. Сонымен қатар, 2025 жылдың ақпан-наурыз айларында 5 рет тіркелуге келмеген және 4 рет түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмаған.
Сот қаулысымен Түркістан облысы полиция департаментінің Сауран аудандық полиция басқармасының ұсынымы қанағаттандырылды. Ер адамды мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күші жойылып, жазаның қалған өтелмеген бөлігі 2 жыл 11 күнін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылды. Ер адам сот залынан қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ, – делінген сот хабарламасында.