25 маусымда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қызылорда қаласындағы «Сыр сүлейлері» аллеясында «Таза қала – ортақ жауапкершілік» атты тазалық акциясы өтті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Шараның мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру.
Акцияға «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары мен белсенді жастар қатысып, аллея аумағын қоқыстан тазартты, жасыл желектерді ретке келтіріп, ескерткіштер мен мүсіндерді тазалау жұмыстарын жүргізді.
Шараның арнайы қонағы, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов жастармен кездесіп, «Сыр сүлейлері» аллеясының тарихы мен рухани маңызы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ Сыр өңірінен шыққан жыраулар мен шайырлардың қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі орнына тоқталып, жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және тарихи-мәдени мұраны сақтауға үндеді.
Акция барысында қатысушылар экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын талқылап, тазалық пен қоршаған ортаны қорғау әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасады.