Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Жиынға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды құттықтап, өңірдің дамуына қосқан үлестерін атап өтті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Түркістандағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде өткен мерекелік жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мемлекеттік қызметшілердің қоғам мен мемлекет алдындағы жауапты міндетіне тоқталып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметтің маңызын айқындаған ұстанымдарын еске салды.

Өңір басшысы соңғы сегіз жылда Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің айтарлықтай өскенін атап өтті. Осы кезеңде 134 денсаулық сақтау нысаны, 443 спорт нысаны және 185 мектеп салынды. Түркістан қаласы халықаралық деңгейдегі спорттық, мәдени және саяси іс-шаралар өтетін маңызды орталыққа айналды.
Нұралхан Көшеровтің айтуынша, өңірдің жалпы өнім көлемі үш есеге артып, 5 триллион теңгеге жеткен. Облыс халқы 2,1 миллионнан асса, Түркістан қаласының тұрғындары 242 мың адамға жеткен. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім 123,3 пайызды құрап, облыс республикада бірінші орынға шыққан.

Салтанатты шарада өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік және ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов бірқатар қызметкерді марапаттады.

Мерекелік бағдарлама аясында облыс өнерпаздары концерттік қойылым ұсынып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 520 мекемеде 6 327 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Оның 3 618-і жергілікті атқарушы органдарда қызмет атқарады. Өткен жылы меритократия қағидаты негізінде 262 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымға көтерілген. Ал 2021 жылдан бері өңірде 272 ауыл әкімі тікелей сайлау арқылы таңдалып, өңірлік кадрлық резервке қабылданған 32 жастың 19-ы жауапты қызметтерге тағайындалған.