Мемлекеттік аудит саласында маңызды жиын өтті. Жоғары аудиторлық палатада өткен үйлестіру кеңесінің 13-отырысында 2024 жылғы мемлекеттік аудит органдарының қызметі сараланды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
20 өңірлік тексеру комиссиясының ішінде 14-і (70%) «тиімді» деп танылса, қалған 6-ы тек «қанағаттанарлық» деген баға алды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға жақсы көрсеткіш болғанымен, Абай, Алматы, Қостанай, Түркістан облыстары мен Алматы қаласы көш соңында қалғаны алаңдатады.
Осы өңірлердің комиссия басшылары анықталған бұзушылықтар бойынша есеп беріп, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов нақты талап қойды.
«Ақмола, Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстарының және Алматы қаласының тексеру комиссияларының төрағалары 1 шілдеге дейін Жоғары аудиторлық палатаға Үйлестіру кеңесі шешімдерінің тиісінше орындалмауына жол берген қызметкерлерді жауапқа тарту туралы ақпарат беруі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.
Жиында аудит жүйесін цифрлық трансформациялау мәселесі де талқыланды. Енді барлық өңірлік комиссиялар деректерді жаңа цифрлық платформаға енгізуге міндеттеледі. Жыл соңына дейін «Аудит объектісінің кабинеті» модулі сынақтан өтіп, барлық өңірлерге енгізілмек.
Сонымен қатар:
-
Бұлтты бухгалтерия арқылы қашықтан аудитке көшу жоспарлануда;
-
Аудит стандарттарын бұзғандар жауапқа тартылады;
-
Ішкі аудит қызметтері үшін тиімділік аудитінің жаңа әдістемесі әзірленеді.
Қаржы мен есептің айнасы саналатын аудит жүйесінде тәртіп пен сапа бірінші орында тұруға тиіс. Енді оған тексеру емес, технология бақылау жасайтын болады.