Қоғам

«Мектебіміз білім сапасы жөнінен Астанада үздік нәтиже көрсетіп жатыр»: Ақмоншақ Нұртаза көпшіліктің сынына жауап берді

09:46, 29 қазан 2025 350

Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұртаза соңғы уақытта әлеуметтік желілерде ерекше белсенділігімен көзге түсіп жүр. Ол тек мектеп басшысы ғана емес, оқушылардың заманауи тілін түсіне білген педагог ретінде де көптің назарында.

«Баланың білім сапасын көтеру – біздің бірінші кезектегі мақсатымыз. Биылғы оқу жылында 14 бала “Алтын белгіге” үміткер. Былтыр 6 оқушы қорғап шықса, биыл 14. 128 баланың 14-і – “Алтын белгі”, тағы 2 оқушы – қызыл аттестатқа үміткер. Бұл – үлкен көрсеткіш», — дейді Ақмоншақ Нұртаза.

Білім мен TikTok — бірге жүре ала ма?

Кейбіреулер мектеп директорын әлеуметтік желіге уақыт бөлгені үшін сынайды. Алайда Ақмоншақ Нұртазаның ойынша, бұл – білім сапасын емес, қызығушылықты арттыру құралы.

«Менің TikTok-та видео түсіруімнің басты себебі — баланың мектепке қызығушылығын арттыру. Бала мен бір толқында болу. Олардың үнін есту. Мектеп пен ұстазға деген көзқарасын өзгерту. 30 секундтық видео түсіру бар болғаны 5 минут уақытымды алады, ол менің негізгі жұмысымның кестесіне кедергі келтірмейді», — дейді ол.

Директордың айтуынша, әлеуметтік желі оның қызметін жеңілдетіп қана қоймай, мектепке жаңа мүмкіндіктер әкелген. Мектепке демеушілер мен тегін жобалар тартылып жатыр.
Ақмоншақ Нұртазаның блогы арқасында №58 мектепке демеушілер табылып, оқушылар мен мұғалімдер үшін түрлі тегін мүмкіндіктер ашылған.

 

«Сегіз қырлы, бір сырлы” жобасы аясында 30 балаға тегін лагерь жолдамасы берілді. Мұғалімдеріміз тегін курстардан өтті, мектепке жиһаздар мен құрал-жабдықтар сыйланды. Сондықтан бұл блогты жеке бастың пайдасы үшін емес, балалардың игілігі үшін бастаған едім», — дейді ол.

Педагогикалық хакатон – директорлардың жаңа алаңы. 5 қарашада Астанада республикалық директорлар хакатоны өтеді. Бұл шараны ұйымдастырушы да – Ақмоншақ Нұртаза басқаратын №58 мектеп.

«Республиканың түкпір-түкпірінен 70-тен астам мектеп директоры қатысады. Олар өз аймақтарындағы білім беру мәселелерін көтеріп, шешу жолдарын ұсынады. Біз осы шараны ұйымдастыруға демеушілердің көмегін тарта алдық – бұл да блогтың арқасы», — дейді мектеп директоры.

«Сынға қарсы тұру – мотивация»

Кейбір әріптестері оны сынап жатса да, Ақмоншақ Нұртаза мұны қысым емес, түсініспеушілік деп қабылдайды.

«Қанша сын айтылса да, мақсатымнан таймаймын. Өйткені менің мақсатым — білім сапасын арттырумен қатар, баланың көзқарасын өзгерту. Оқушы мектепке қуана келуі керек», — дейді ол.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз