Мексиканың Монтеррей қаласында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің алып портреті салынды. Ерекше туындыны жергілікті жанкүйерлер әншіге деген құрметі мен сүйіспеншілігінің белгісі ретінде жасаған, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz Dimashnews сайтына сілтеме жасап.
Нуэво-Леон штатындағы Монтеррей қаласының орталығында пайда болған муралды Dimash&DearsRegiasMty фан-клубының мүшелері Dears por Dimash мексикалық альянсының қолдауымен жүзеге асырған. Туындының авторы – Antonio Art Mural шығармашылық есімімен танымал суретші Антонио.
Димаштың алып портреті қаланың орталығындағы Francisco Javier Mina 1140 мекенжайында орналасқан. Жанкүйерлердің айтуынша, бұл туынды әншіге деген ықыласты ғана емес, Қазақстан мен Мексика арасындағы мәдени байланысты да бейнелейді.
«Бұл туынды жай ғана портрет емес. Ол – мексикалық жанкүйерлердің, әсіресе Монтеррейдегі Dears қауымдастығының Димашқа деген шынайы сүйіспеншілігі мен құрметінің көрінісі. Біз Димаш пен оның Отаны – Қазақстан арқылы қалыптасқан мәдени байланысымызды көрсеткіміз келеді», – дейді Dears por Dimash альянсының өкілдері.
Айта кетейік, мурал Димаш Құдайбергеннің Мексикадағы концерті қарсаңында салынды. Әнші 14 қарашада DIMENSIONS әлемдік туры аясында Монтеррейде өнер көрсетеді. Жанкүйерлер бұл ерекше сый екі ел арасындағы достықтың символына айналады деп үміттенеді.