Сенат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бұл өзгерістердің мақсаты – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, қаржы айналымының ашықтығын күшейту және МӘМС жүйесінің тұрақтылығын нығайту.
Сондай-ақ халықты сақтандыру жүйесімен қамтуды кеңейту, медициналық қызмет көрсету саласында бақылау және жедел әрекет ету тетіктерін енгізу қарастырылған.
ЕНГІЗІЛГЕН БАСТЫ ӨЗГЕРТУЛЕР:
- Жұмыссыздар мен әлеуметтік осал топтардың медициналық көмекке қолжетімділігі қамтамасыз етіледі (олар үшін жарнаны жергілікті әкімдіктер төлейді);
- МӘМС қаражатының қозғалысы мен пайдаланылуы туралы деректерді міндетті түрде жариялау енгізіледі;
- Қызмет сапасыз көрсетілген жағдайда қаражатты қайтару тетігі көзделген;
- Медициналық қызмет көрсету саласындағы заңбұзушылықтарға жедел ден қою және бақылау механизмі орнатылады;
- Жасушалар, тіндер мен гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялау қызметі лицензияланатын болады;
- Сирек (орфандық) аурулары бар науқастар дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етіледі – бұл шығындар МӘМС және басқа көздер есебінен жабылады;
- I топтағы мүгедектігі бар, зейнет жасындағы адамдардың жұбайларына олардың жеке көмекшісі болу құқығы бекітіледі;
- «Адам ағзасы», «адам жасушасы», «әлеуметтік мәні бар аурулар» ұғымдары нақтыланды.