Аймақ

Марафон трагедияға ұласты: Алматыда екі адам жарыс кезінде жан тапсырды

14:05, 20 сәуір 2025 254

Бүгін таңертең Алматыда өткен Almaty Half Marathon кезінде екі қатысушы — 84 жастағы Аккоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади жарыс кезінде көз жұмды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, екеуі де 21,1 шақырымдық қашықтыққа жүгірген. Медициналық және шұғыл қызметтер оқиға орнына уақтылы жеткен. Алайда барлық көрсетілген көмекке қарамастан, олардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Полумарафон маршруты Бірінші Президент саябағынан басталып, Орталық стадионға дейін жалғасты. Аккоян Рсалиев 2021 жылдан бері Алматы марафондарына үнемі қатысып келген. Бұл жолы ол жарыстың басында, Әл-Фараби даңғылында, алғашқы шақырымда есінен танып қалған. Жедел жәрдем бір минут ішінде жеткенімен, пульсі болмаған. Алдын ала диагноз — өкпе артериясының тромбоэмболиясы, созылмалы гипертония болған.

Ал екінші қатысушы — Нұрбол Ахмади 16-шақырымда есінен танып, дәрігерлер келгенге дейін қайтыс болды. Бұған дейін ол бірнеше жарыстарға қатысып, биылғы жылы Астана мен Алматыдағы марафондарға тіркелген еді. Алдын ала диагноз — өкпе артериясының тромбоэмболиясы және жүрек жеткіліксіздігі, – делінген хабарламада.

Медицина мамандарының айтуынша, нақты себеп сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады.

Ұйымдастырушылар марқұмдардың отбасыларына көңіл айтып, материалдық көмек көрсетілетінін хабарлады.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз