Қоғам

Мәжілісмен "махаббатты" мойындамады: Темір Қырықбаев желіде тараған ақпаратқа қатысты жауап берді

14:41, 28 қазан 2025 1544

Әлеуметтік желіде Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев пен Түркістан облыстық Мәслихатының депутаты Нұрайым Шақимергеннің махаббаты туралы видео тарап, қызу талқыланып жатыр. Мәжілісмен мен мәслихатшы сұлуды не байланыстырады? Вairaqmedia.kz  тілшісі бұл сұрақты Темір Қырықбаевтың өзіне қойды. 

Мәжілісмен Түркістан облыстық Мәслихатының депутаты Нұрайым Шақимергенмен жеке таныстығын жасырмайды. Бірақ, "махаббат" туралы сұраққа келген кезде "бұл менің жеке өмірім" деп, қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. 

«Бұл адамның жеке өмірі. Ол туралы ештеңе айта алмаймын. Танымаймын емес, танимын. Мәслихаттағы орнымды сол кісіге тастап кетті деген адамның басына сиятын нәрсе емес. Оны халық сайлаған. Оған менің ешқандай қатысым жоқ. Ол партиядан емес, өз-өзін ұсынып, өткенін мен білемін», - деді Темір Қырықбаев. 

Депутат балаға қатысты сұрақты да жауапсыз қалдырды.

«Ол туралы да айта алмаймын. Желіде тараған видеода фотошоп қолданған. Көпшілік отырған жерде екеумізді жақындатып түсіріп қойған. Баланың қолындағы ойыншықты вейп деп шығарған», - деп жауап берді мәжілісмен. 

Айта кетейік, әлеуметтік желіде тараған видеода қос депутаттың құшақтасқан, кішкентай баламен отырған сәттері бар. Негізі Instagram-ға фотоларды 25 жастағы мәслихатшы сұлудың өзі жүктеп, кейін көшірген. QYSQASOZ арнасының жазуынша, Қырықбаев Мәслихаттағы бұрынғы орнына нақсүйерін тастап кеткен. Бала да ортақ перзенттері болуы мүмкін.

«Темір мырзаға құрылыс пен саясаттың екі нәрсе екенін және үлкен саясатта мұндай қателіктер кешірілмейтінін айтқымыз келеді. Ал 25 жастағы қызды депутаттық орынға тастап кетуіңіз, сіздің әккі саясаткер емес, қарабайыр құрылысшы екеніңізді көрсетеді», - делінген роликте.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз